17 желтоқсанда Алматыда бірнеше азаматтық белсендіні ұстаған. Facebook әлеуметтік желісінде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, белсенді Ринат Рафкат және адвокат Гүлнара Жуаспаева қоғамдық белсенді Ерлан Қалиев, "Дат" жобасының жетекшісі Ермұрат Бапи, белсенділер Сүйіндік Алдабергенов, Геройхан Қыстаубаев және тағы да бірнеше азаматтың ұсталғанын хабарлады. Оларды полицияның не себепті ұстағаны айтылмайды. Азаттық тілшісі хабарласқан кезде ұсталған азаматтардың телефондары сөндірулі болды.
Ал Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының өкілі Азаттық тілшісіне азаматтардың таңертең ұсталғанын растап, "қазір (13.00-де) бәрін босатып жібергенін" хабарлады. "Оларды не үшін ұстады?" деген сұраққа басқарма өкілі "олар алаңда митингке шықпақшы болған" деп жауап берді. "Қалған сұрақтарыңызды Алматы қалалық ішкі істер департаментіне қойыңыз" деді басқарма өкілі. Ал қалалық ішкі істер департаментінен жауап ала алмадық.
16 желтоқсанда Алматыда полиция оннан астам адамды бірнеше сағатқа ұстап, кейін босатқан. Ұсталған азаматтар полицейлердің үйден шыққан бетте ұстап, ішкі істер бөлімдеріне жеткізілгенін айтты. Полиция қызметкерлері олардан елде сот шешімімен тыйым салынған қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы жайлы сұраған. Әблязов соңғы рет әлеуметтік желідегі парақшасында 16 желтоқсанда жақтастарын алаңға шығуға шақырған. Кейбір ұсталғандар жексенбі күні полиция қызметкерлерінің смартфондарын алып, ондағы материалдардың мазмұнын зерттегенін хабарлады.
16 желтоқсанда Оралда полиция тәуелсіз "Уральская неделя" басылымының екі тілшісін ұстап, кейін қайта жіберген. Оларға ресми түрде ұстау себебін түсіндірмеген.
Видео: тәуелсіздік күні белсенділер ұсталып, күзет күшейді (16.12.2018)