Бішкекте Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің президент ретінде қызметіне кіріскелі бері алғаш рет ұйымдастырған баспасөз конференциясы өтіп жатыр. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, оған баспасөз жиыны кезінде елде қудаланған саясаткерлердің ісі, жақындарының билікке араласуы, экс-президенттің тиіспеушілік статусы, Шыңжаңдағы этникалық қырғыздардың жоғалуы сияқты түрлі сұрақтар қойылған. (Жээнбековтың конференциясынан толығырақ мақаланы оқу үшін мына сілтемені басыңыз)
Туыстарының билікке араласу мәселесіне қатысты сұрақтарға жауап берген Жээнбеков билікте тамыр-таныстыққа жол бермейтінін айтқан. Қазір президенттің екі туған бауыры лауазымды қызметте: бірі Асылбек Жээнбеков парламент депутаты, екінші бауыры Жусупбек Шарипов Қырғызстанның Украина мен Молдовадағы елшісі.
Жээнбековтың экс-президенттің тиіспеушілік статусы туралы айтқаны (19 желтоқсан 2018 жыл)
Шыңжаңдағы этникалық қырғыздардың жағдайына қатысты бірінші рет пікір білдірген Жээнбеков бұл мәселені шешуде сақтық таныту қажеттігін айтқан.
"Бұл тұста дипломатиялық шеберліктің асқан үлгісін қолдану керек. Қырғызстанда 10 Қытай азаматы сотталған, бесеуі түрмеде отыр. Олар [Қытай] дабыл қағып жатқан жоқ қой. Қытайдағы этникалық қырғыздар - бұл Қытайдың өз азаматтары, олар сол елдің заңына бағынады. Олардың ісіне қалай араласамыз? Араласа алмаймыз. Бірақ түрлі дипломатиялық арналар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Әлде маған да көшеге шығу керек пе?" деді Жээнбеков баспасөз мәслихатында.
Соңғы уақытта Қытайдың батысындағы Шыңжаңда ұйғыр, қазақ, татарлардан бөлек этникалық қырғыздардың да жоғалуы жайлы ақпарат жиілеген. Бұған дейін туыстары Қытайда қамалған азаматтар Бішкекте жиын өткізіп, биліктен мәселеге араласуын сұраған.
Баспасөз конференциясына 80-нен астам БАҚ өкілі тіркелген. 170-тен астам журналист қатысып жатыр.
Тікелей эфирді мына жерден көре аласыз.