Ресейде прокуратура белсендіден кешірім сұрады

Белсенді Лидия Баинова

Ресей құрамындағы Хакасия республикасында прокуратура белсенді Лидия Баиновадан оны заңсыз қудалағаны үшін кешірім сұраған. Прокуратураның кешірім сұрау хатын Telegram желісінде “Агора” құқық қорғау ұйымының жетекшісі Павел Чиков жариялаған.

Байырғы халықтардың құқығын қорғап, мәдениетін таратумен айналысатын Лидия Баинованы құқық қорғау органдары әлеуметтік желіде орыстарға қатысты пост жазып, күш қолдануға шақырды деп айыптаған.

Белсенді "хакас халқын ығыстырып жатқаны" туралы интернетте жазба жариялаған. ФСБ жазбаны экстремистік деп таныған. Белсендіге қатысты қылмыстық іс шілде айында қозғалған.

Оқи отырыңыз: "Ресей құрамында Қырым татарларының болашағы жоқ"

Тамыз айында Баинова экстремистер тізіміне енгізіліп, банктегі есепшоты құлыпталған. Белсенді кінәсіз екенін айтып, өзін қоғамдық белсенділігі үшін қуғындап отыр деп мәлімдеген.

Қараша соңында прокуратура істі жауып, белсендіні экстремистер тізімінен алып тастаған.