Путин украиналық теңізшілер жайына түсінік берді

Ресей президенті Владимир Путин баспасөз жиынында сөйлеп отыр. Мәскеу, 20 желтоқсан 2018 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин Керчь бұғазында ұсталған украиналық 24 теңізші сотқа дейін босатылмайтынын, олардың тағдырын сот шешетінін мәлімдеді. Бұл жайында Путин Мәскеуде өтіп жатқан жыл сайынғы баспасөз жиынында Керчь бұғазындағы жанжалға қатысты сауалға жауабында айтты.

"Арандату деген қашан да жақсы емес. Арандату жағдайды шиеленістіруді көздейді. Бұл украиналық серіктерімізге неге керек болды? Оларға сайлауға байланысты жағдайды шиеленістіріп, бір кандидаттың рейтингін көтеруге қажет болды. Арандату мақсатына жетті ме? Рейтингіні көтеру тұрғысынан алғанда, жетті деуге болар" деді Путин.

Ресей президенті қазір ұсталған теңізшілердің үстінен тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.

25 қарашада Ресей шекарашылары Керчь бұғазында Украинаның үш әскери кемесіне оқ атып, экипажымен қоса тұтқындаған. Шабуылда украиналық 24 теңізші ұсталып, кейін олардың үшеуі екі айға қамалған.

Ресей билігі украиналық кемелерді шекарадан заңсыз өтпек болды деп айыптайды. Киев оқиғаны "басқыншылық" деп атады. Владимир Путин бұл жағдайды бұған дейін де Порошенконың "сайлау алдындағы арандатуы" деп бағалаған.

Жанжалдан соң Украина бірнеше өңірде бір айлық әскери жағдай жариялаған. Украинада президент сайлауы наурыздың 31-інде өтеді.

Видео: Ресей катерінің Украина буксирін соққан сәті