Бірнеше қалада қатты аяздан мектептерде сабақ тоқтады

Көрнекі сурет.

Астана мен Қарағандыда 26 желтоқсан күні қатты аяздан мектептерде сабақ тоқтатылды. Астана қаласының білім басқармасы "Ауа-райына байланысты мектептерде бірінші ауысымда оқитын 0-9 сынып оқушыларына сабақ болмайды" деп хабарлады. Кеше қалалық төтенше жағдайлар департаменті аяз қысып, ауа-райының күрт нашарлайтынына байланысты мемлекеттік мекемелер мен білім беру орындарында, базарлар мен құрылыс нысандарында жұмыс сағатын қысқартуды ұсынған.

Жергілікті ақпараттық сайттардың хабарлауынша, Қарағанды облысында Теміртау мен Балқашта 0-11 сынып оқушыларына сабақ тоқтатылды. Қарағандының өзінде 0-4 сынып оқушылары сабақтан босатылды.

Шығыс Қазақстан облысында да 1-11 сынып оқушылары мен колледждің 1-2 курс студенттеріне сабақ болмайды. Шемонаиха мен Зырян аудандарында да екінші ауысым оқушыларына сабақ болмайды.