Шымкентте тұрғындар мен заңды тұлғаларға коммуналдық қызметтердің тарифі арзандағанымен, бюджет мекемелеріне тариф бағасы арзандамайды. Бұл туралы 27 желтоқсан күні өткен брифингте Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дархан Қайыңбердиев хабарлады.
Дархан Қайыңбердиевтің айтуынша, қалада тұрғындарға жылу бағасы 18,91 пайызға, заңды тұлғаларға 10 пайызға, су бағасы тұрғындар мен заңды тұлғаларға 10 пайызға, газ бағасы тұрғындарға 5,8 пайызға, жарық бағасы тұрғындар мен заңды тұлғаларға - 6,8 пайызға арзандады. Жылу, су, газ және жарық бағасы бюджет мекемелеріне төмендетілмеген.
- Қала әкімдігінің келісімімен тұрғындарға тариф бағасын барынша төмендету үшін бюджет мекемелеріне тариф бағасы арзандамайтын болды, - дейді ол.
Сонымен бірге, қаладағы тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметі 12 пайызға, лифт қызметі 10 пайызға, пәтер иелері кооперативтерінің қызметі 11 пайызға төмендеген.
Бұған дейін қала тұрғындары бір шаршы метр жылуға 142 теңге 31 тиын, бір текше суға 97 теңге 97 тиын, бір текше газға 34 теңге 47 тиын, электр қуатының киловатына 15 теңге 72 тиын төлеп келген.