28 желтоқсанда Қазақстанның мемлекеттік телеарналары президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдын ала жазылған сұхбатын көрсетті. Назарбаев 2018 жылды қорытындылады.
Қазақстан президенті алғашқы сөзінде "20 жыл болған Астананың өркендегенін, өзге қалалардың Астанаға қарап бой түзеп жатқанын" айтты. Назарбаев "2030 жылы Астана халқы 2 миллион болатын шығар" деді.
Президент Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүшелігін, Каспий саммитін, Дәстүрлі діндер съезін "сәтті шаралар" қатарына қосты.
Назарбаевтың айтуынша, Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде.
"Мен осы жерде не қарап отырмын? Қытайлар [Қазақстанға] жаппай келіп, қаптап жатқан жоқ. Бәрі заңмен, келіссөзбен келіп жатыр. Өндіріс салатын болсақ, бізде жоқ 500 адам келеді. Жұмысы біткен соң, зауыт біткен соң кетеді... [Қытайдан] ешқандай қауіп жоқ. Керісінше, қарым-қатынас ұлғая береді. Жастар ағылшын тілімен қатар қытай тілін де оқуы керек" деді.
Оқи отырыңыз: Назарбаевпен сұхбатты неге тікелей эфирден көрсетпейді?
Назарбаев Өзбекстан билігіне Шавкат Мирзияев келгелі жағдай өзгергенін, Ташкент пен Астана арасындағы сауда-саттық өскенін айтты.
Қазақстан президенті "Орталық Азия елдерінің өзара ынтымақтастыққа өмір сүруі - бәріміз үшін маңызды. Бірақ болсын деген нәрсені болмасын деп өзгертіп жібергендер де болды" деді.
Назарбаев сұхбатында биылғы Трамппен кездесуі туралы айта келе, "АҚШ пен Қазақстан арасында ешқандай даулы мәселе жоқ" деді.
27 желтоқсанда түсірілген сұхбат екі сағатқа созылды. Назарбаевпен жеті журналист сұхбаттасты.
Your browser doesn’t support HTML5