Батыс Қазақстан облысында сенбі күні қар құрсауынан ондаған адам құтқарылып, 80-ге жуық автокөлік шығарылған. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар басқармасына сілтеме жасап Қазақпарат хабарлады.
Ақжайық ауданында Чапаев - Қазталов бағытындағы жолдың 5-шақырымында жолдан түсіп кеткен «Газель» көлігі, Тасқала ауданында Орал - Тасқала жолында қарға батып қалған 7 жолаушысы бар екі жеңіл көлік, Тасқала - Мерей жолында 16 адамы бар бес жеңіл көлік қар құрсауынан шығарылған.
Облыстағы кей жолдарда көлік апаты болған. Сенбінің кешінде Орал - Ақжайық жүк көлігі мен жеңіл автокөлік соқтығысып, екі адам ауруханаға түскен.
Кешкі сағат тоғызға қарай Тасқала ауданында қар құрсауында қалған он жеңіл автокөлік пен олардағы 34 адам (жетеуі - бала) құтқарылған. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында қатты бұрқасынға байланысты барлық жолдар жабылған болатын.