Францияда "сары жилеттілер" шеруіне мыңдаған адам шықты

Елисей алаңындағы наразылық акциясына қатысушы. Париж, 22 желтоқсан 2018 жыл.

Францияның астанасы Париж бен Тулуза, Лион, Бордо, Гренобль және басқа қалаларда 5 қаңтарда "сары жилеттілер" қозғалысы жаңа жыл басынан бергі алғашқы акциясын өткізді. Полицияның мәліметінше, шерулерге жалпы саны 25 мың адам қатысқан.

Рен, Нант пен Руан қалаларында шеруге қатысушылар мен полиция арасында қақтығыстар болған. Парижден солтүстікке қарай орналасқан Бове қаласында полиция "жергілікті билікпен келісілмеген" акция өткізбек болған "сары жилетті" жүздеген наразы адамға жас ағызатын газ шашқан.

Парижде наразылық акциялары бір мезгілде екі жерде: осыған дейін "сары жилеттілер" барлық шерулерін өткізген Елисей алаңында және қала мэриясынан Ұлттық жиналысқа дейінгі аралықтағы көшелерде өткен. Елисей алаңындағы акцияға қатысушылар France-Presse ақпарат агенттігінің ғимараты алдына барып, баспасөз құралдарының наразылық жайлы хабарларымен келіспейтіндерін білдірген. Демонстранттар "коллаборационист журналистер" деп айғайлады деп жазады AFP.

Халықаралық француз радиосының хабарлауынша, сенбідегі шерудің қарсаңында Франция үкіметінің ресми өкілі Бенжамен Гриво демонстранттардың "заңды талаптарының" барлығын үкіметтің орындағанын айтып, ал қазір шеруге шығатындар – билікті құлатқысы келетін арандатушылар деп мәлімдеген.