7 қаңтар күні Бішкекте 300-ге жуық белсенді наразылық шарасына жиналып, елдегі "саны артып бара жатқан" қытайлық еңбек мигранттарына қарсы екендерін білдірді.
Қаланың орталық алаңына жиналғандар билікті заңсыз келген қытайлық мигранттарды депортациялауға және Қырғызстан тұрғындарымен некелескендеріне азаматтық бермеуге шақырды.
Наразылардың бірі Жолдошбек Орозов Азаттықтың Қырғыз қызметіне:
- Қырғызстан жетекшілігі халықпен кеңеспей Қытайдан несие алды, қаржылық жағынан тәуелді қылды. Басқа жайттармен бірге осы мәселелерді де қозғап тұрмыз, - деді.
Қарсылық шарасына келгендер Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде этникалық қырғыздардың қудаланып, саяси үйрету орталықтарына қамалып жатқандарын да айтты.
БҰҰ былтыр тамызда Шыңжаңда шамамен бір миллиондай мұсылман "экстремизммен күрес орталықтарында" қамауда отырғанын мәлімдеген. Олардың басым көпшілігі ұйғырлар мен қазақтар. Соңғы уақытта зардап шеккендердің арасында татарлар мен қырғыздар сияқты Шыңжаңдағы басқа да азшылық өкілдері бар екені хабарлана бастады.
Қытай билігі Шыңжаңда жаппай қамау орындары бар екенін жоққа шығарып келеді.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков желтоқсанда өткізген баспасөз мәслихатында Қытайдағы этникалық қырғыздардың жағдайына қатысты сұраққа Бішкек бұл жағдайды шешуде сақтық таныту керегін айтқан.
Қырғызстанда осыған ұқсас наразылық былтыр желтоқсан айында өткен еді.