АҚШ президенті Дональд Трамп 10 қаңтарда, Ақ үй әкімшілігі мен Конгресстегі демократтар шекарада қабырға тұрғызуға қатысты келісе алмай жатқан кезде Мексикамен шекараға баруды жоспарлап отыр. Қабырға тұрғызудағы келіспеушіліктен бюджет бекітілмей, оның соңы 22 желтоқсанда үкімет мекемелері жұмысының ішінара тоқтауына ("шатдаун") әкеліп соқтырған.
Трамптың Мексикамен шекараға баратыны туралы оның баспасөз хатшысы Сара Сандерс Twitter-де хабарлады. Оның сөзінше, президенттің "алдыңғы шепте қызмет ететіндермен" кездеспек ниеті бар. Сандерс босқындар лек-легімен келіп жатқан оңтүстік шекарадағы ахуалды "гуманитарлық дағдарыс" және "ұлттық қауіпсіздік мәселесінің тығырыққа тірелуі" деп атады. Трамп Twitter-де 8 қаңтар күні кешке шекарадағы жағдай туралы халыққа үндеу жариялайтынынан хабардар етті.
Бұған дейін БАҚ Ақ үйдегі дереккөзіне сілтеме жасап, Трамптың төтенше жағдай режимін жариялап, конгресс мақұлдамаса да, қабырға тұрғызуға қаржы бөлуі мүмкін екенін хабарлаған.
Трамп сайлауалды кампаниясында Мексикамен шекарада қабырға тұрғызуға уәде берген. Бірер күн бұрын Трамп Twitter-де қабырғаны бетоннан емес, темірден тұрғызуға болатынын да жазған.
Конгрессте өкілдер палатасында көпшілік дауысқа ие демократтар шекарада қабырға тұрғызуды моральға қайшы және ол заңсыз миграциямен күресуге көмектесе алмайды деп, оған қаржы бөлуге қарсы шығады. Трамп болса қабырға тұрғызуға қаржы қарастырылмаған бюджет жобасын қараудан бас тартып отыр.