Шардарадағы мектепте екі жұмысшы уланып, бірі қайтыс болды

Жедел жәрдем көлігі. (Көрнекі сурет.)

Түркістан облысы Шардара ауданындағы Шардара мектеп-лицейінде жылу жүйесіне қажетті сұйық отынды құюға келген жанар-жағармай бекетінің екі жұмысшысы уланып, бір адам оқиға орнында қайтыс болған. Бұл туралы 9 қаңтарда Азаттыққа аудандық білім бөлімінің басшысы Ақшагүл Бердәлиева айтты.

Оның сөзінше, қайғылы оқиға 8 қаңтарда сағат 16.00 шамасында Шардара мектеп-лицейінде сұйық отынды бөшкеге құйып жатқанда болған. Мектептің жылу жүйесіне қажетті сұйық отынды тендерде жеңген мердігер компания әкеледі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мира Мүсілім оқиға орнында екі адам уланып, біреуі қайтыс болғанын растады.

Оның айтуынша, жедел жәрдеммен Шардара аудандық орталық ауруханасының жан сақтау бөліміне жеткізілген науқас әлі есін жимаған. Ол жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр.