Белсенділер: "Орталық Азия ортақ мәлімдеме жасауы керек"

Қытайдан қайта алмай отырғандар мен қамауда отырған этникалық қазақтарға қолдау көрсетуге арналған баспасөз мәслихатына қатысушылар. Алматы, 10 қаңтар 2019 жыл.

Алматыда қазақстандық белсенділер мен Қытайдан оралған бір топ қазақ жиын өткізіп, Қытайда қамауда отыр деген этникалық қазақтарға қолдау көрсетуге шақырды.

Cаясаттанушы Расул Жұмалы, журналист Марат Тоқашбаев, режиссер Еркін Рақышев, ақын Қазыбек Иса және Қытайда туысы қамауда отырған бір топ адам қатысты. Баспасөз мәслихатында Қытайдан Қазақстанға қайта алмай отырған, саяси үйрену орталықтарында отырғандар туралы айтылды.

Расул Жұмалы Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан сияқты елдердің белсенділері бірігіп, Қытайда қысым көріп жатқан аз ұлт өкілдерін қудалауға қатысты ортақ мәлімдеме жасауы керек деген ұсыныс айтты.

- Орталық Азиядағы мемлекеттер бір-бірімен ауызбірлік танытуы керек. Себебі Қытайда жапа шегіп жатқан ұйғыр мен қазақ қана емес. Онда қырғыз да, өзбек те бар. Сол елдердің белсенділерімен байланысқа шығып, дөңгелек үстел ұйымдастыруға болады. Ортақ мәлімдемені Қытай тарапына жеткізетін болса, кім де кім санасады, - дейді Расул Жұмалы.

Your browser doesn’t support HTML5

"Орталық Азия белсенділері бірігуі керек"

Жиынға қатысқандардың бірі Қайрат Дәуітхан есімді азамат әйелінің екі жылдан бері Қытайдан қайта алмай отырғанын, екі баласының Қазақстан азаматы екенін айтты. Ол сегіз айлық баласының Қытайда әйелімен бірге қалғанын, төрт жастағы баласы өзімен бірге екенін жеткізді. Ол Қазақстан президенті мен Сыртқы істер министрлігіне көмек сұрап бірнеше рет жазғанымен, әйелін Қытайдан әлі қайтара алмай отырғанын айтты.

Қытайдың Шыңжаң өңірінде этникалық азшылыққа, оның ішінде этникалық қазақтарға қысым жасау туралы деректер 2017 жылдың сәуірінен бастап түсіп жатыр. Азаттық Шыңжаңда қамауға алынған, Қазақстанға орала алмай жатқан Қытайдағы қазақтар туралы бірнеше рет жазған.

Оқи отырыңыз: Шыңжаң қазағы: "Саяси үйрену орталығында тек қытайша сөйлеуің керек"

Былтыр Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қытайда қамауда отырған қазақтардың туыстарынан 915 өтініш түскені, 2018 жылдың басынан бері қытай тарабы екі мыңнан астам қазақтың Қытай аумағынан кетуіне рұқсат бергені, сонымен бірге Қытайда қос азаматтығы үшін күдікті саналып, ұсталған 29 қазақстандықтың 15-і бостандыққа шыққаны туралы хабарлаған.