АҚШ президенті Дональд Трамп Давоста өтетін дүниежүзілік экономикалық форумға бармайтыны туралы Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Президенттің Давосқа барудан бас тартуына АҚШ конгресінде көпшілік орынға ие демократтармен Мексикамен шекарада қабырға тұрғызу мәселесі бойынша келісімге келе алмағаны себеп болған.
"Еліміздің шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі аса маңызды мәселеде демократтармен ымыраға келе алмағандықтан Давоста өтетін дүниежүзілік экономикалық форумға бармаймын" деп жазған Трамп. Ол форумды ұйымдастырушылардан кешірім сұраған.
Бұған дейін Трамп конгрестен оңтүстік шекараға дуал тұрғызуға бес миллиард доллардан астам қаражат сұраған. Бірақ АҚШ конгресінде саны басым демократтар Мексикамен шекарада қабырға құрылысын қаржыландырудан бас тартып, оның соңы үкімет жұмысының ішінара тоқтауына әкелген. 22 желтоқсаннан бері АҚШ-тың 800 мың мемлекеттік қызметкері айлықсыз қалған. Bloomberg агенттігінің жазуынша, АҚШ-та "шатдаун" кесірінен әр екі аптада өндіріс 0,1 пайызға қысқарып отыр.
10 қаңтарда Трамп Мексикамен шекарада қабырға тұрғызу мәселесі шешілмесе, елде төтенше жағдай жариялануы мүмкін деп мәлімдеген.