Қазақстанда 18 қаңтарда биыл мектеп бітіретін оқушылар ақылы түрде Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсыруды бастады. Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Субханбердиеваның айтуынша, 20 қаңтарға дейін жалғасатын тестке барлығы 36 мыңға тарта мектеп бітірушілер мен жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданғандар қатысады.
Вице-министрдің сөзінше, биылдан бастап Қазақстанда ҰБТ төрт рет - қаңтар, наурыз, маусым және тамызда өтеді.
Білім және ғылым министрлігінің бұған дейін таратқан ақпараты бойынша, бірінші рет сынақ ретінде өтетін ҰБТ-ны орта мектепте 11-12 сыныпта оқитындар мен жоғары оқу орындарына шартты түрде оқуға қабылданғандар өз еркімен ақылы түрде тапсырады.
Мектеп бітірушілер ҰБТ-дан өтсе, жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне оқуға түсуіне болады. Бірақ мектеп бітірушілер мемлекеттік білім грантына 2019 жылы жазда өтетін негізгі ҰБТ нәтижесі бойынша ғана үміткер бола алады.
Оқи отырыңыз: ҰБТ: телефон тәркілеу мен сұрақ тасу
Жоғары оқу орнына шартты түрде қабылданған және бірінші семестрді аяқтайтын студенттер қаңтардағы ҰБТ-ны оқуға ресми түрде қабылданып, оқуын одан ары жалғастыру үшін тапсырады. ҰБТ-дан 50 балл жинай алмаған студент оқудан шығарылады.
Қаңтар айындағы ҰБТ-ны тапсыру ақысы 2242 теңгені құрайды.