Астанада қаладағы бірнеше жылдан бері салынып бітпеген тұрғын үйлер мәселесі биыл қайта көтерілді. 22 қаңтарда Астанадағы құрылысы аяқталмай тұрған және жаңадан салынған бірнеше тұрғын үй кешенінің үлескерлері "Турист" қонақ үйінде жиналып, баспана дауын "Қазақстанда парламентаризмді дамыту" қорымен бірге талқылады. Жиынға Астанадағы "Виктория", "Комсомольский", "Шығыс 1А" және "Шығыс 1В, "Орбита", "Royal Expo Apartments", "Есіл- ЭК" тұрғын үй кешендерімен қатар мемлекеттік бағдарламамен салынған Көктал поселкесіндегі "Оңтүстік Шығыс тұрғын үй кешенінің үлескерлері қатысты. Олардың арасында үйі салынып біткенімен, алты жылдан бері құжатын ала алмай жүргендер де, ақшасын толық төлегенімен құрылыстың аяқталуын күтуден шаршағандар да бар.
- Біздің үйімізді 2012-2014 жылдары Астана қаласы әкімдігінің лауазымды тұрғындары мемлекеттік актімен қабылдап алған. Бірақ үй салғанда құрылыс нормалары сақталмаған болып шықты. Желдету жүйесі де, өрт сөндіргіш те, электр энергиясы да жоқ. Бізді "Highvill" тұрғын үй кешенінің электр станциясына қосып отыр, оларда жарық сөнгенде біз де қараңғыда қаламыз. Бұл үйді алғанда шаршы метріне бизнес санаттағы бағасымен 1850 АҚШ доллардан төлегенбіз, ал сапасы мынау, - дейді "Виктория" тұрғын үй кешенінің тұрғыны Ирина Ковалева.
"Шығыс 1А" және "Шығыс 1В" тұрғын үй кешендерінің үлескерлері Астана әкімдігінен құрылысты "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша шешуді талап ететіндерін айтты.
Астана қаласы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының қызметкері Дәулет Досқұлов үлескерлер шағымданатындай проблеманың барын растады.
Ирина Ковалеваға жауап берген Дәулет Досқұлов:
- Жалпы алғанда сіздің нысанда ("Виктория" тұрғын үй кешенін айтады -ред.) ешқандай қорқыныш болмауы тиіс. Оның "Орбитамен" салыстырғанда барлық рұқсат қағазы болды, сондықтан қабылданды. Әрине, кейбір жобалық сызбалар ескерілмеген. Басқа нысандарда да солай, - деді.
Тұрғын үй құрылысына ақша салғанымен баспанасыз жүрген, алған үйінің сапасына көңілі толмаған үлескерлерді оның жауабы қанағаттандырмады. Олар жұмыс тобын құрып, билікпен кездесуді талап ететіндерін мәлімдеді.
Былтыр қала билігі проблемаға айналған тұрғын үй кешені құрылыстарының саны 53 деп мәлімдеген еді. Биыл олардың қатары тағы 6 нысанға толыққан.