24 қаңтарда Алматыда Қырғызстанның "Чайна Петроль Компани Джунда" компаниясының өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстандағы серіктесі Алмас Қожағалиевтің "мұнайды заңсыз сатты" деген айыппен сотталғаны өздерінің іскерлік беделіне нұқсан келтіру мүмкін екенін мәлімдеді. Жиында Алмас Қожағалиевтің адвокаттары Қазақстан құқық қорғау органдарынан істі шынайы қарауды сұрады.
"Ақтөбе мұнай өңдеу" компаниясының өкілі Алмас Қожағалиев пен Беларусь азаматы Сергей Кунцевичке қатысты үкім былтыр желтоқсанның 12-сі күні оқылып, 19 және 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Оларға Қырғызстанға "шикі мұнай сатты" деген айып тағылған.
"Чайна Петроль Компани Джунда" компаниясының өкілі Алмаз Чокморовтың айтуынша, компания ешқашан шикі мұнай сатып алған емес.
- Бұған қатысты барлық құжатымыз бар. Біз ешқашан өз еліміздің де, Қазақстанның да заңын бұзған емеспіз. Қазір біздің іскерлік беделімізге нұқсан келуі мүмкін, себебі біз Қазақстандағы өзге де компаниялармен бірге жұмыс істейміз. Сондықтан, Қазақстанның құқық қорғау органдарынан бұл істің мән-жайын анықтап, әділдік орнатуды сұраймыз, - деді Чокморов.
Алмас Қожағалиевтің адвокаты Ескендір Әлімбаевтың сөзінше, қорғауындағы азаматқа қатысты іс бірнеше рет өзгеріп, айыпталушылардың құқығы бұзылған.
- Қорғауымдағы Алмас Қожағалиев пен белорусьтік бизнесмен Сергей Кунцевичті алдымен "Ағайынды төртеу" ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысы бар" деп күдікке ілінді. Кейін ол дәлелденбей, ол екеуінің ісін бөлек өндіріске алып, оларды "мұнай мен мұнай өнімдерін тиісті құжатсыз тасымалдады" деп айыптады. Ал 2017 жылдың желтоқсанында бұл айып – "трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру және жетекшілік ету" деп сотқа жетті, - деді адвокат Ескендір Әлімбаев.
Оның сөзінше, істегі айғақ зат – төрт цистерна мұнай өнімі сатылып кеткен. Тергеу дәл сол сұйықтықты шикі мұнай дейді, ал бизнесмендер мен олардың адвокаттары оның мұнай өнімі екенін дәлелдемек.
Үкім заңды күшіне енген жоқ. Айыпталушылардың адвокаттары сот үкіміне аппеляциялық шағым түсіргенін, ол қаңтардың 29-ы күні қаралуы тиіс екенін айтады.