Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты облыстың экс-әкімі Бергей Рысқалиевке 17 жылға, оның ағасы, экс-мәжіліс депутаты Аманжан Рысқалиевке 16 жылға үкім кесті. Сот шешімі 25 қаңтарда оқылды.
Ағайынды Рысқалиевтер және сегіз адамға қатысты сот процесі 18 қазанда басталған. Оларға ұрлық, алаяқтық жасады, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленді, жалған кәсіпкерлікпен айналысты, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды, ұйымдасқан топ құрды, қызмет өкiлеттiгiн теріс пайдаланып, пара алды және жалған құжат жасады деген бірнеше айып тағылған. Айыптау актісінде Бергей Рысқалиевтің "Атырау облысы әкімдігінің өзге лауызымды тұлғаларымен бірлесіп, мемлекеттік сатып алулар арқылы мемлекеттің аса көп мөлшердегі ақшалай мүлкін иеленгені айтылған. Мемлекетке келген зиян 72 миллиард теңгеге бағаланып отыр.
Бергей Рысқалиев мұнайға бай Атырау облысын алты жылға жуық уақыт басқарып, 2012 жылы жазда қызметінен босатылған. Сол жылы күзде Бергей Рысқалиевтің інісі, парламент мәжілісінің депутаты Аманжан Рысқали "өз өтінішімен" депутаттық мандатынан бас тартқан. Біраз уақыттан соң Рысқалиевтерге іздеу жарияланған, бірақ олардың қайда екені біраз уақытқа дейін белгісіз болып келді.
Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы бұған дейін "күдіктілер Қазақстан аумағынан тыс жерде және тергеуден жалтарып жүр" деп, оларды бірнеше рет Астанаға тергеуге шақырған.