АҚШ-тың ауруды бақылау және профилактика орталығы Қазақстанда "қызылшаның таралуына" байланысты ескерту жариялады. Ескертуде "Қазақстанға саяхаттап барушылар қызылшаға қарсы екпе алғанына көзін жеткізуі керек" деп жазылған. Ал екпе алмағандарға мамандар арнайы вакцина салдыруға кеңес берген. Орталық ескертуді ең төменгі "жасыл деңгейлі" деп көрсетіп, "қарапайым сақтық шарасы" екенін айтқан.
Қазақстанда қызылшамен ауырғандардың саны көбейгені туралы ақпарат 2018 жылдың соңына қарай айтыла бастады. Дерек бойынша, 22 қаңтарға дейін 700 адам тіркелген. Олардың көбі - Астанада. Одан кейін Шымкент қаласы мен Түркістан, Атырау, Ақмола облыстары тұр.
22 қаңтарда қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин БАҚ өкілдеріне "Қазақстанда қызылша ауруы тарап жатыр" деген ақпаратты терістеп, "санаулы адамдардың ауруға шалдыққанын" және "жергілікті жерлерде ғана кездесіп жатқанын" айтқан.
Оқи отырыңыз: Жаңаөзенде екпеден соң 86 бала ауруханаға түсті
Ауруды бақылау және профилактика орталығы - АҚШ денсаулық сақтау министрлігіне қарайды. Міндеті - денсаулық сақтау саласында ықтимал қауіп-қатерге байланысты тұрғындарды қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету.
Қызылша - вируспен тарайтын жұқпалы ауру. Оны жұқтырған адамның қызуы көтеріліп, тыныс алуы қиындайды. Көзі қызарып, денесі қызара бөртіп кетеді.