Ресей мен АҚШ орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісім бойынша ортақ мәмілеге келе алмады. Бұл туралы НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Брюссельде өткен Ресей – НАТО кеңесінің отырысынан кейін хабарлады.
Столтенбергтің айтуынша, НАТО-ға мүше елдердің үндеуіне қарамастан Ресей зымыран мәселесінде “позициясын өзгертпей отыр”. Оның бағалауынша, 1987 жылы қабылданған зымыранды жою туралы келісімнің “тағдыры қыл үстінде тұр”. Дегенмен келісім шарттарын орындау әлі де кеш емес деп есептейді.
АҚШ ресми тұлғалары Мәскеу 9M729 (SSC-8 деп те аталады) зымыран жүйесі өндірісін қолға алып, 500-ден 5 мың шақырымға дейінгі радиус аумағында соққы беретін қару түрлеріне тыйым салатын келісім талабын бұзып отыр деп біледі. Ал Ресей "бұл зымыранның ұшу алыстығы 500-ден аспайды, сәйкесінше келісім шарттарын бұзған жоқпыз" дейді.
Оқи отырыңыз: Трамп зымыранға қарсы жаңа стратегиясын жариялады
Бұған дейін АҚШ егер Ресей зымыранды 2 ақпанға дейін жоймаса, келісімнен шығу процесін бастаймыз деп ескерткен. НАТО-ға мүше елдердің қорғаныс министрлігі бұл мәселені ақпан айының ортасында талқылайды.