Ресейдің Саратов облысындағы дәмханалардың бірінде газ баллоны жарылып, 30-дан астам адам зардап шеккен деп хабарлайды Ресейдің төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметі.
Соңғы дерек бойынша, 14 адам ауруханаға жеткізілген. Олардың 12-сін Саратов қаласына әкелген. Дәрігерлер үш адамның жағдайы ауыр екенін айтады. Олар қатты күйіп қалған.
Құтқарушылар жарылысқа техника қауіпсіздігі ережелерін сақтамау себеп болғанын айтты. Жарылыстан соң дәмхана өртенген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Оқи отырыңыз: Жарылған үй тұрғындары "салғырт билікті" сөкті
Соңғы айда Ресейдің бірнеше қаласында газ жарылысы болған. 14 қаңтарда Шахты қаласындағы көпқабатты үйде газ жарылып, бес адам қаза тапқан.
31 желтоқсанда Магнитогорск қаласындағы көпқабатты үйде жарылыс болып, 39 адам қаза тапқан.