Маңғыстау облысы спорт комитетінің басшысы ұсталды

Ақтау қалалық сотының ғимараты. Көрнекі сурет

Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбек Қарабалаев "жемқорлық ісіне қатысы бар" деген күдікпен бірнеше күн бұрын Ақтау қаласында ұсталған. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотына сілтеме жасаған жергілікті "Лада" сайты хабарлады.

"Қарабалаев мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару ісіне қарсы ауыр жемқорлық ісін жасады деген күдікке ілінген" деп жазды сайт.

Ақтау соты 31 қаңтар күні жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің "Қарабалаевты 10 күн қамауда ұстауға санкция беру" туралы өтінішін қанағаттандырған. Нұрбек Қарабалаевқа қатысты "қызметін асыра пайдаланды" деген бап бойынша тергеу басталған.

Нұрбек Қарабалаев Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт департаментінің жетекшілігіне 2017 жылдың қараша айында тағайындалған.

Бұған дейін "бюджет қаржысын жымқырды" деп айыпталып, Қазақстан регби федерациясының бұрынғы президенті Мұрат Уанбаев сотталған.