Иран ұзақ қашықтыққа ұшатын қанатты зымыранын таныстырды

Иранның жаңа Hoveizeh 8 қанатты зымыраны. Көрнекі сурет

Иран 1300 шақырымға дейінгі радиус аумағында соққы бере алатын жаңа қанатты зымыранын таныстырды. Қарудың жаңа түрі Тегеранда ислам революциясының 40 жылдығын атап өту шарасы кезінде көрсетілген.

АҚШ пен Еуропа елдерінің қарсылықтарына қарамастан Иран зымыран жүйесін дамытуда кезекті қадамын жасады деп жазды Reuters агенттігі. Ал Иран билігі зымыран жүйесін тек қорғаныс мақсатында дамытып отырғанын айтып келеді.

Елдің қорғаныс министрі Амир Харами сенбі күнгі салтанатты шарасында жаңа зымыранның "өте қысқа уақыт ішінде" түрленіп, қысқа қашықтықта да ұша алатынын жеткізді.

Жаңа зымыран 2015 жылы Иранның қорғаныс күштеріне берілген Soumar қанатты зымыран түрлерін дамыту жобасы аясында пайда болған. Батыс сарапшыларының айтуынша, Иран көп жағдайда қаруының тактикалық-техникалық сипаттарын асырып көрсетуге бейім. Бірақ соған қарамастан Батыс Иранның ұзақ қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымырандарына алаңдайды.

Иранның зымыран жүйесін дамытумен айналысқан мамандар сенбі күні иран инженерлері шеше алмай келген реактивті қозғалтқышқа қатысты проблеманың шешілгенін айтқан. Аэроғарыш дивизиясының басшысы Әмірәлі Хажизаде қазіргі кезде Иран қарудың барлық қажетті түрлерін жасай алады деп мәлімдеген.