АҚШ Венесуэлада президент Николас Мадуроның режиміне қарсы іс-қимыл шараларының бірі ретінде әскери интервенцияны да қарастырып жатыр. Бұл туралы жексенбі күні CBS News телеарнасына берген сұхбатта АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді.
"Бұл туралы айтқың келмейді, бірақ, әрине, ондай вариант қарастырылып жатыр" деген Трамп.
АҚШ президентінің сөзінше, осыдан бірнеше ай бұрын Мадуро кездесу өткізу жайлы қолқа салғанымен Трамп онымен жүздесуден бас тартқан. Бұл туралы The Hill басылымы жазды.
Ақпанның 2-і күні өткен митинг кезінде Николас Мадуро парламент сайлауын келесі жылы емес, биыл өткізуді ұсынған. Мадуро ұлттық конституциялық ассамблея (президентке бағынышты орган) парламенттің кезектен тыс сайлауын өткізуге дайындық жасауы тиіс деп мәлімдеген.
Венесуэлада кезектен тыс парламент сайлауы келесі жылға жоспарланған.
Венесуэла парламентінің спикері 35 жастағы Хуан Гуайдо Николас Мадуро жеңіске жеткен 2018 жылы мамырда өткен президент сайлауын "заңсыз" деп атап, "конституция бойынша президент болуға құқығым бар" деп санайды. Ол 23 қаңтарда өткен наразылық шарасында өзін-өзі "елдің уақытша президентімін" деп жариялаған.
Оқи отырыңыз: Венесуэлада не болып жатыр?
АҚШ пен Латын Америкасы елдерінің көбі Гуайдоны уақытша президент деп таныған. Ал Ресей, Түркия, Куба мен тағы бірнеше ел Мадуроны заңды президент деп санайды.
Өткен аптада Еуропарламент Гуайдоны Венесуэланың заңды президенті деп танитынын мәлімдеген.