Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы өрттен қаза болған балалардың ата-анасы мен туысқандарына көңіл айтты. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
"Кеше (4 ақпан - ред) Астанада қайғылы оқиға болды.Өрт салдарынан бір отбасы бес бірдей перзентінен айырылып қалды. Қаза болған балалардың ата-анасы мен туысқандарына көңіл айтамын. Осыған байланысты мен Үкіметке және Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановқа зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуді тапсырдым. Барлық өңірдің әкімдері құзырлы органдармен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтуі керек, сондай-ақ тиісті тексерістер ұйымдастырып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Мұндай жағдай қайталанбас үшін барлық тиісті шараларды қабылдау керек" деген Назарбаев.
4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында Шыңғыстау көшесіндегі жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған. Қаза болған балалар 5 ақпанда жерленді.
Оқи отырыңыз: "30 шаршы метрдегі өртті 1 сағаттай сөндірген"
"Өрт болған кезде балалардың ата-анасы жұмыста болған" деп хабарлады Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің өкілі Аягөз Фазылова. Туыстарының сөзінше, балалардың анасы содан үш күн бұрып жұмысқа шыққан, әкесі көлік жөндеу орталығында жұмыс істеген.
Өрттен соң Астана әкімі Бақыт Сұлтанов шұғыл кеңес өткізіп, аудан әкімдерінен полиция және төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп дереу қаладағы жеке тұрғын үйлерді аралап шығуды және әр үйдің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексеруді талап еткен. Әкім "Бұл сіздердің қателіктеріңіз" деп төтенше жағдайлар қызметін сөккен.
Астана әкімдігі сайтындағы мәліметте қала бойынша тіркелген өрт оқиғаларының 50 пайызға жуығы жеке секторда, соның ішінде 65 пайызы жеке меншік тұрғын үйлерде болғаны көрсетілген. Өткен жылы Астанада 699 өрт тіркеліп, он адам мерт болған.