Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович Еуропа одағы елдерінің басшыларын "мені лақтырып кетті" деп айыптады. Ол 6 ақпанда Мәскеуде өткен баспасөз конференциясында "Еуропа елдерінің жетекшілері 2014 жылы маған оппозициямен келісімге кел деп алдап, кейін биліктен кетуімді қалады. Украинада болған жағдайға солар жауапты" деді.
Янукович баспасөз жиынында Киев сотының өзіне қатысты шығарған үкімі жөнінде де пікір білдірді. Сот 24 қаңтарда елдің бұрынғы президентін "мемлекетке опасыздық жасап, басқыншылық соғыс жүргізуге жәрдем берді" деп танып, сырттай 13 жылға соттаған еді. Янукович "үкім биліктің тапсырмасы" және "сотқа шектеусіз қысым жасалды" деді. Бұған қоса ол "сырттай сотталса да Интерполдың іздеуде жүргендер тізімінде жоғын, сондықтан кез келген елге емін-еркін кіріп-шығуға рұқсаты бар екенін" айтты.
Бұдан бөлек Янукович қазіргі президент Петр Порошенконың саясатын да сынға алды. Оның сөзінше, "2014 жылғы Майдан оқиғасынан соң ел экономикасы қатты әлсіреген" және Украина тарихында соңғы бес жыл - "ең қаралы" уақыт. Ол алдағы наурыз айында өтетін президент сайлауы "әділетсіз болады" деп санайды.
Янукович 2014 жылғы Майдан оқиғасына қатысқан шерушілердің өлімін "арандату" деп атады.
Янукович 2010-2014 жылдары Украина президенті болған. 2014 жылы елдегі саяси дағдарыс кезінде Жоғарғы рада шешімімен биліктен шеттетілген. Кейін ресейлік әскерилердің көмегімен осы елге қашып кеткен. Қазір Ресейде тұрып жатыр.