Алматыда Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алды

Қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алуға арналған жиынға қатысушылар. Алматы, 11 ақпан 2019 жыл.

Алматыда 2006 жылы 11 ақпанда қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алды. "Астана" қонақүйінде ашылған жиынды марқұмның атындағы қоғамдық қор ұйымдастырды.

Еске алу жиынына қоғамдық белсенділер Рысбек Сәрсенбай, Әміржан Қосанов, Маржан Аспандиярова, Гүлжан Ерғалиева, Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Төлеген Жүкеев, Жанболат Мамай, құқық қорғаушы Евгений Жовтис, Сергей Дуванов, жазушы Қуандық Түменбай және басқалар қатысып отыр.

Жиында сөйлеген Рысбек Сәрсенбай Қазақстан билігінің саяси және экономикалық саясатын сынға алып, Алтынбек Сәрсенбайұлы қазаға ұшырағаннан бері елде еш нәрсе өзгерген жоқ деп мәлімдеді.

Қазақстандағы адам құқығының жағдайы туралы баяндамасында құқық қорғаушы Евгений Жовтис елде "плюрализм мен саяси оппозицияның біржола жойылғанын", қазақстандықтардың Конституцияда көрсетілген бейбіт шеру, митингіге шығу құқықтары бұзылып отырғаны, ондай жиын, акцияларға жол бермеу мақсатында полицияның азаматтарға алдын ала ескерту жасап, оларды ұстап әкетуі кеңінен тәжірибеге енгенін айтты. Жовтистің сөзінше, Қазақстандағы мұндай тәжірибе барын естіген Батыстағы құқық қорғаушылар қатты таңырқаған.

Алтынбек Сәрсенбайұлының өмірі мен өлімі

2006 жылы ақпанда Қазақстан оппозициясы жетекшілерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы мен екі серігі - Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынды әлдекімдер ту сыртынан атып өлтірген болатын. Қазақстан соты бұл қылмысқа парламент сенаты аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаев "тапсырыс берген" деп тауып, оны 20 жылға соттаған. Оппозициялыққ саясаткерді серіктерімен бірге заңсыз ұстаған ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Арыстан" арнаулы бөлімшесінің қызметкерлері де әртүрлі мерзімге сотталды.

"Тапсырыспен адам өлтірген" деп танылып, өлім жазасына кесілген бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов сот кезінде айтқанынан бірнеше жылдан соң айнып, қылмысқа тапсырысты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев берді деп жаңа куәлік бергені хабарланғаннан кейін, 2013 жылғы желтоқсанда Қазақстан бас прокуратурасы "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс беруші – Рахат Әлиев" деп мәлімдеген.

2014 жылы қарашада Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының шешімі бойынша Ержан Өтембаев бостандыққа шыққан.

Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстары Өтембаевтың кінәсіз, ал басқалардың кінәлі екенін билік дәлелдей алған жоқ деп мәлімдеп, шешіммен келіспеген. 2015 жылы мамырда Астана қалалық сотының кассациялық алқасы Өтембаевты мерзімінен бұрын шартты жазамен босатқан сот шешіміне қатысты шағымды қабылдамай тастады.

Сегіз жылға жуық түрмеде отырып шыққан соң Ержан Өтембаев ешқандай саяси-қоғамдық жұмысқа араласқан жоқ. Ол 2018 жылы маусымда қайтыс болды.