АҚШ-тың Қытайдағы елшілігі этникалық қазақ Ғалымбек Шағыманның жағдайын бақылауда ұстап отырғанын хабарлады. Бұл туралы елшілік өкілі Associated Press ақпарат агенттігіне айтқан.
Ғалымбек Шағыман 7 ақпанда Ташкент әуежайынан әлеуметтік желіге видео жариялап, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтен өзін Қытайға бермеуін сұраған. Ол "Қытайға барсам мені өлім жазасы күтіп тұр" деген. Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Шағыман 9 ақпанда Ташкенттен Таиландтың Бангкок қаласына ұшып кеткенін хабарлаған.
Оқи отырыңыз: Қытай қазағы Өзбекстан президентінен көмек сұрайды
Германия қазағы Өмірхан Алтынның Азаттыққа айтуынша, Ғалымбек Шағыман қазір Бангкок қаласында - БҰҰ-ның босқындар жөніндегі комиссиясының бақылауында. Өмірхан Алтынның сөзінше, Ғалымбек Шағыман Бангкоктен Ташкентке, кейін Ташкенттен Алматыға ұшып барған. Кейін оны Алматы әуежайынан кері қайтарып жіберген. Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Ғалымбек Шағыманның Ташкентке Алматыдан ұшып келгенін растаған.
БҰҰ Ғалымбек Шағыманның қауіпсіздігі үшін оның қазір қайда екенін айтпаған.
Қытайда туған этникалық қазақ Ғалымбек Шағыман Ташкент әуежайында бірнеше күн отырған. Ол Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевке өтініш жасап, Қытайға экстрадицияламауды сұраған. Шағыман Facebook желісіне жариялаған видеоның бірінде АҚШ, Германия, Жапония, Ұлыбритания және Канада билігінен де көмек сұраған.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, Батыс елдері және БҰҰ Қытай Шыңжаңдағы аз ұлттарға, соның ішінде қазақтар, ұйғырларға қысым жасап жатыр деп айыптайды. Шыңжаңда тұратын кейбір ұйғырлар мен қазақтар Орталық Азия елдерінен босқын мәртебесін сұраған. Бірақ Қытаймен сауда-саттық байланысын орнатқан Орталық Азия елдері қазақтар мен ұйғырларға босқын мәртебесін беруден сескенеді.
2018 жылы Шыңжаңда туған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай Қазақстан мен Қытай шекарасын заңсыз бұзып өтіп, Алматы облысына келген. Пекин Астанадан Сауытбайды экстрадициялауды талап еткен.
Кейін Қазақстан Сайрагүл Сауытбайды қамауға алып, сотқа тартқан. Сотта ол Қытайға қайта оралса өлім жазасы күтіп тұрғанын айтқан. Жаркенттегі сот отырыстарына Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің өкілдері қатысқан. Сот Сауытбайға алты ай шартты жаза кесіп, Қазақстанда қалдырған. Бірақ Қазақстан билігі Сауытбайға әлі босқын мәртебесін берген жоқ. Қаңтардың соңында Алматы облыстық полиция департаментінің көші-қон басқармасы Сауытбайдың “пана іздеуші куәлігінің” уақытын үш айға созған.