Ақпанның 11-14 күндері аралығында Ақтөбе қаласындағы төрт мекемеде билік өкілдері көп балалы аналарды қабылдаған. Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, осы аралықта екі мыңнан астам ана көмек сұрап келген. Ал түрлі себептермен қабылдауға келе алмаған 500-ден астам ана жергілікті белсенділерге хабарласып, арыз-шағымдарын айтқан. Жергілікті белсенділер көмек сұраушылардың әлі де толастамағанын айтады.
- Менің қалта телефоныма секунд сайын көп балалы аналардан хабарлама түсіп жатыр. Соның бірінде көп балалы ана көмірсіз отырғанын, үйінің суық, балаларының ауырып жатқанын хабарлаған. Енді біреуінің ішерге асы жоқ. Бұл дегеніміз мұқтаждық көріп отырғандар санының статистикадағыдан анағұрлым көп екенін көрсетеді, - дейді жергілікті белсенді Бақыт Жаншаева Азаттық тілшісіне.
Үш күнге созылған қабылдау кезінде ақтөбелік аналар баспана мәселесі, балаға төленетін жәрдемақыны көбейту, балаларын балабақшаға орналастыру, бастауыш сыныпта оқитын балаларды тегін тамақпен және қоғамдық көлікте тегін жол жүру билетімен қамтамасыз ету, үй салуға жер бөлу және өзге де әлеуметтік проблемаларын шешуді сұраған.
"Үш күнгі арыз-шағымдар нәтижесінде 11 ана тұрғын үй кезегіне алынды. Атаулы әлеуметтік көмек рәсімдеу үшін 68 адамның құжаты қабылданды. Он сәби балабақшаға қабылданды, үш адам жұмысқа тұрды. Мобильді топтар мұқтаж азаматтардың үйін аралай бастады. Бұл жұмыс бұдан әрі де жалғаса береді" делінген әкімдік хабарламасында.
Өткен аптадан бері Қазақстанның түрлі аймақтарында көп балалы аналар жиналып, билікке талаптарын қойып келеді. Олар жәрдемақы мөлшерін көбейтуді, көп балалы отбасыларға жеңілдіктер қарастыруды, баспана мәселесін шешуді сұраған.
4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді. Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейген.
Қарай отырыңыз: Астанадағы көпбалалы аналар наразылығы (Тікелей эфир)