Шымкентте 3200-ден аса тұрмысы нашар, табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасы бар. Бұл туралы 15 ақпан күні қаладағы "Түркістан" сарайында халық алдында есеп берген Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов айтты.
Әкімнің сөзінше, Шымкентте 2 220 - "Алтын алқа", 6056 - "Күміс алқа", 511 - "Батыр ана" және 769 - "түрлі дәрежелі орденмен марапатталған көп балалы ана" бар.
“Қалада көп балалы аналар үшін орталық ашамыз. Онда тек көп балалы аналар әкімшілік қызметті алатын болады. Көп балалы аналар 1 наурыздан бастап қоғамдық көлікте тегін жүреді. Тамыз айынан бастап табыстары күнкөріс деңгейінен төмен көп балалы отбасыларға жылына бір рет берілетін әлеуметтік көмек деңгейін 25 мың теңгеден 100 мың теңгеге көбейтеміз. Бизнес өкілдерімен келісіп, "Сен жалғыз емессің!" жобасын бастаймыз. Жоба аясында қиын жағдайға түскен отбасыларға тегін үй салып береміз" деді әкім.
Әкім барлық көп балалы аналарды 16 ақпан күні жеке қабылдайтынын мәлімдеді.
Кездесу соңында бірнеше ана әкімге сұрақ қоя алмағанын, биліктен мұң-мұқтаждарын тыңдауын талап етіп айқайлады.
Мыңнан аса адам жиналған қала әкімінің кездесуіне жиырмаға жуық көп балалы ана кіре алмай сыртта қалған. Қала әкімдігінің қызметкерлері оларға зал толып қалғанын айтқан.
4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді. Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейген.
Ақпанның 6-сы күні Астанада жүздеген ана Астанада жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап еткен. Кейін астаналық аналардың талабын басқа аймақтағы әйелдер де қолдаған.