18 ақпан Шымкент қаласындағы Абай аудандық соты республикалық «Жемқорлыққа қарсы күрес» қоғамдық қорының өкілі, заңгер Жаңабек Әбішевтің үстінен түскен азаматтық шағымды қарай бастады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Жаңабек Әбішевтің үстінен арызды кәсіпкер Александр Абдиев түсірген. «Ар-намысыма тиді» деген арызданушы соттан бес миллион теңге моральдық шығын өндіріп беруді сұрайды.
Судья Мейрамгүл Құдайбергенова жүргізіп жатқан бүгінгі отырысқа арызданушының өзі келген жоқ.
Жаңабек Әбішев судьядан сотқа БАҚ өкілдерін қатыстырып, журналистердің суретке және бейнежазба жасауына рұқсат сұрады. Дегенмен арызданушының қорғаушысы Эльдар Гайсин іс жеке адамның ар-намысына қатысты болғандықтан соттың жабық өтуін, оған журналистердің қатыстырылмауын сұрады. Судья бұл талап-тілекті ашық қалдырды.
Содан кейін Жаңабек Әбішев соттан осы іске қатысы бар «Аппақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмысшыларының осы серіктестіктің төрағасы Абдиевтің өздерін заңсыз жұмыстан шығаруына байланысты арызын Созақ аудандық соты қарап жатқандықтан істі қысқартуды немесе тоқтату туралы кеңсеге талап-тілек түсіргенін мәлімдеді. Судья талап-тілекпен танысу үшін сот отырысын кейінге қалдырды.
Жаңабек Әбішев бұған дейін «міндетінен тыс жұмысқа тартылып, директордан қысым көрген» шымкенттік мұғалім Гүлжан Сәлімбаеваның, билік шешімімен жабылған Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының (ҚТКФ) бұрынғы жетекшісі Лариса Харькованың, мәжбүрлі емдеуге күштеп жатқызылған белсенді Ардақ Әшімнің сот істеріне сенімді өкіл ретінде қатысқан.