Пәкістан Үндістандағы елшісін шақыртып алды

Үндістан әскерилері жарылыс болған жерде жүр. 14 ақпан 2019 жыл.

Пәкістан Нью-Делидегі елшісін кеңесу үшін уақытша қайтарып алды. Исламабад мұндай шешімді екі ел арасындағы дау күшейген тұста қабылдаған.

14 ақпанда Джамму мен Кашмир штатында жарылғыш толы көліктегі жанкешті полицейлер отырған автобусқа соғылған. Соңғы дерек бойынша, 45 полицей қаза тапқан. Қырыққа жуық адам жараланған.

Кашмирде мұнша әскери қаза тапқан жарылыс бұрын болған емес. Шабуылды "Джаиш-е-Мухаммад" исламшыл тобы мойнына алды.

Шабуылдан соң Үндістан "террористік топтарды қолдап отыр" деп Пәкістанды айыптап, өзінің Исламабадтағы елшісін шақыртып алған. Пәкістан билігі "жарылысқа алаңдаушылық білдіреміз, бірақ біздің кінәміз жоқ, Нью-Делидің ешбір тергеусіз таққан айыптарын жоққа шығарамыз" деген.

Джамму мен Кашмир штатында Үндістаннан тәуелсіздік алуды не Пәкістанға қосылуды қалайтын сепартистік топтар бар. Нью-Дели "қарулы сепаратистерді қолдайды" деп Исламабадты жиі айыптайды. Пәкістан "олар өз құқықтары үшін өздері күресіп жатыр" деп, тағылған айыптарды жоққа шығарады.

Кашмир аймағы 1947 жылы Үндістан Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған соң үнділер басым Үндістан Кашмирі және мұсылмандар басым тұратын Пәкістан аймағы болып бөлінген. Исламабад пен Нью-Дели бұл аймақ үшін екі рет соғысқан.