Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектің бүгін, 20 ақпанда өтетін есеп беру жиыны басталар тұста бірнеше белсендінің ұсталғаны хабарланды.
"Көкжайлауды қорғайық!" қозғалысы белсенділерінің жазуынша, әкім жиыны өтетін Республика сарайының маңында белсенді Андрей Бузыкин ұсталған. Бузыкиннің ұсталғанын құқық қорғаушы, "Халықаралық құқықтық бастама" қорының басшысы Айман Шорманбаева Facebook парақшасында хабарлады.
Медеу аудандық полиция бөлімшесінің кезекші бөлімі Андрей Бузыкиннің жеткізілгенін растады. Оның не үшін ұсталғаны әзірге белгісіз. 2015 жылы полиция Бузыкинді сол кездегі әкім Ахметжан Есімовтің кездесуі өтерден бұрын да ұстап әкеткен.
Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев Facebook парақшасында "полиция Республика сарайына жақын маңда ұстап әкеткенін" жазды.
Белсенді Марат Тұрымбетов өзіне "полицейлер келіп, бөлімшегі баруды сұрағанын" хабарлады. Бұдан бұрын Тұрымбетов өзінің үстінен "Зорлауға тырысу" бабы бойынша іс қозғалып, тергеліп жатқанын айтқан. Facebook жазбаларында билікті жиі сынайтын Тұрымбетов тағылған айыпты жоққа шығарып, "әңгіме екі жыл бұрынғы оқиға туралы" деген.
Кеше, 19 ақпанда кешке полиция белсенді Дильнар Инсенова мен оппозициялық көзқарастағы зейнеткер Сақып Жаңабаеваға барғаны хабарланды.
Liberty қоғамдық қорының басшысы Ғалым Ағелеуовтің хабарлауынша, Республика сарайының залында "заңсыз риэлторлармен күрескер" ретінде танымал Юрий Маленькийді ұстап, полиция бөлімшесіне әкеткен.
Байбектің есеп беру жиыны алдында белсенділердің ұсталуы алғаш рет емес. Былтыр Республика сарайына кірмек болған бірнеше белсенді мен азаматтың бірін бірнеше сағат шағын автобуста ұстап, кейбірін полиция бөлімшеге әкеткен.