Шымкентте 5 жасар баланың қазасына айыпталған тұрғын сотталды

Еңбекші аудандық сотының ғимараты.

Шымкент қаласы Еңбекші аудандық соты "өгей баласын ұрып өлтірді" деген айып тағылған Ерболат Жолдасовты кінәлі деп тауып, 8 жыл бас бостандығынан айыруды үкім етті.

"1996 жылы туған Ерболат Жолдасов Қылмыстық кодекстің 106-бабымен айыпты деп танылып, оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы тағылған айыпты толық мойындап, жасаған қылмысына өкінетінін айтқан" деді соттың баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенби.

Соттың хабарлауынша, Жолдасов былтыр 5 желтоқсанда Қарабастау ауылындағы жеке үйінде 5 жасар өгей ұлын "құптан намазын" дұрыс оқымағаны үшін ұрып, денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтірген. Алған дене жарақатынан бала 6 желтоқсанда ауруxанада қайтыс болған.

Сотталушы жазаны қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.