НАТО "одаққа мүше елдерге Ресей президентінің сес көрсетуі орынсыз" деп мәлімдеді. Әскери одақ бұл мәлімдемені Ресей президенті Владимир Путиннің кешегі, ақпанның 20-сындағы федералдық жолдауынан соң жасаған.
Бұған дейін Ақ үй АҚШ 2 ақпаннан бастап орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімнен шығу процесін бастайды деп мәлімдеген еді. Мәскеу бұған жауап ретінде Ресейдің де келісімнен шығатынын айтқан.
Жолдауында АҚШ шешіміне қатысты сөйлеген Путин "Ресей АҚШ пен оның одақтастарының қару-жарағын ғана емес, территориясындағы шешім қабылдайтын орталықтарын да көздейтін зымырандар жүйесін дамытады" деген.
НАТО жауабында "Вашингтонның келісімнен шығуына Мәскеу кінәлі" деп мәлімдеді. Ұйым Ресейді келісімді сақтауға шақырды. НАТО өкілінің сөзінше, одақ "жаңа қару-жарақ жарысын қаламайды және Еуропада жаңа ядролық қару жасауды жоспарлап отырған жоқ".
Оқи отырыңыз: Ресейдің жаңа ядролық құралдары: аңыз әлде ақиқат?
1987 жылы АҚШ пен Совет Одағының басшылары қол қойған "Орта және қысқа қашықтыққа арналған ядролық зымырандарды жою" келісімі Еуропа мен өзге де аймақтағы бейбітшіліктің кепілі ретінде қабылданып келген. Бірақ соңғы уақытта Вашингтон мен Мәскеу бұл құжатқа қатысты келіспей қалып жүрген.
АҚШ пен НАТО 9M729 атты ядролық қанатты зымыран жасау арқылы Ресей тарихи келісімді бұзды деп айыптаған. Ал Ресей "бұл зымыранның ұшу алыстығы 500-ден аспайды, сәйкесінше келісім шарттарын бұзған жоқпыз" деген.