Әкім орынбасарын "атқандарға" сот үкімі шықты

Аудан әкімінің орынбасарына шабуыл жасау ісі бойынша сот отырысы. 22 қаңтар 2019 жыл.

22 ақпан күні Түркістан облысы Төле би аудандық сотында аудан әкімінің орынбасары Рабиға Бейсебаеваны үйінің маңында атып кеткендерге үкім шықты.

Судья Жәнібек Сейітжаппаров айыпталушы Амалбаевты Қылмыстық кодекстің "Өзінше билік ету" бабы бойынша айыпты деп тауып, бір жылға бас бостандығынан айырды. Айыпталушылар Төребеков, Тазабеков, Бектановты Қылмыстық кодекстің "Өзінше билік ету" және "Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар және жарылғыш құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бабымен бір жарым жылға бас бостандығынан айырды.

Сотталушылардың барлығына рақымшылық заңы қолданылып, бас бостандығынан айыру жазасы бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылған.

Үкім оқылғаннан кейін сотталушылар сот залынан босатылды. Үкімді тыңдауға жәбірленуші Рабиға Бейсебаева келмеді. Оның адвокаты Әшір Бекенбай үкіммен келісетінін айтады.

Оқиға 2018 жылдың 23 қазанында болған. Аудан әкімінің орынбасары Рабиға Бейсебаеваны түсте үйінің жанында белгісіз біреулер атып, жаралап кеткен. Дәрігерлер Бейсебаеваның "жеңіл жараланғанын, оқ басын жанап өткенін, бас сүйегі аман екенін" айтқан. Күдіктілердің екеуі оқиғадан бір күн өткен соң Тараз қаласында ұсталған.