22 ақпанда Астанадағы №2 Есіл аудандық соты "Азат шаңырағы" пәтер иелері кооперативінің (ПИК) төрағасы, азаматтық белсенді Қайырлы Омарды қамауда ұстау мерзімін төртінші рет ұзартты. Сот шешіміне сай, ол 10 наурызға дейін тергеу изоляторында қалды. Сотқа тергеу орындары арыз түсірген.
Қайырлы Омар Есіл аудандық тергеу сотының судьяларына сенімсіздік білдіретінін мәлімдеп, істі Есіл аудандық сотының төрағасы Нариман Бекназаровтың қарауын талап етті. Ол іске қатысып отырған прокурор Мейірхановқа да сенбейтінін айтты.
Үзілістен соң сот отырысын ары қарай жалғастырған судья Талғат Сырлыбаев Қайырлы Омардың өтінішін қанағаттандырмады.
Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, белсендіні қамауда ұстау мерзімін ұзартуға оның адвокаттарының іспен танысуға уақыт беруді сұраған өтініші себеп болған. Қайырлы Омар прокурордың уәжімен келіспеді. Оның сөзінше, адвокаттың арызын тергеу орындары өз мақсатына пайдаланып отыр.
Судья Талғат Сарыбаев Қайырлы Омарды қамауда ұстау мерзімін 20 наурызға дейін созу туралы тергеудің арызын ішінара қанағаттандырып, оны 10 наурызға дейін изоляторда қалдыру туралы шешім шығарды.
Қайырлы Омар "ПИК қаржысын жымқырды" деген күдікпен 2018 жылы 5 шілдеде ұсталып, он тәулікке қамалған. 19 шілдеде ол кепіл қойып, үйқамаққа шыққанымен, кейін полиция "Қайырлы Омар үйқамақта ұстау шартын бұзды" деген. Ол 2018 жылы 16 қазанда екі айға тұтқындап, тергеу изоляторына қайта қамаған. Кейін сот Омарды қамауда ұстау мерзімін бірнеше рет ұзартқан.
Қайырлы Омар 2018 жылы мамырда да "бейбiт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзды" деп айыпталып, жеті күнге қамалған.