Ресей СІМ теңгедегі орысша жазудың өшірілетініне қатысты пікірін айтты

Ресей сыртқы істер министрлігі ақпарат және басылым департаментінің директоры Мария Захарова. Мәскеу, 3 тамыз 2018 жыл.

Қазақстан теңгесінен орысша жазудың өшірілетініне байланысты пікір білдірген Ресей сыртқы істер министрлігі ақпарат және басылым департаментінің директоры Мария Захарова ТАСС агенттігіне берген сұхбатында "бұл елдің ішкі мәселесі" деп айтқан.

Бірақ Захарова сонымен бірге "мәселені мұқият бақылап та отырмыз", себебі "Қазақстан ғана емес, жалпы орыс тілін ана тілі ретінде санайтын азаматтары бар кеңістік тұрғысынан алып қарағанда бұл Ресей сыртқы істер министрлігінің міндеттері мен функцияларының бірі" деп айтқан.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған, 22 ақпанда жарияланған "Ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасын бекіту туралы" жарлықта теңгедегі жазу тек мемлекеттік тілде болуы қажет деп жазылған.

Қазіргі кезде қолданылып жүрген теңгеде қазақша жазумен қатар орысша сөздер де бар. Қазақстан Конституциясында орыс тілі мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен бірге қолданылады деп жазылған. Ал елде мемлекеттік тіл статусына қазақ тілі ғана ие.