25 ақпан күні Ақтөбе қалалық сотында "терроризмді насихаттады және терроризм актісін жасауға шақырды" деп айыпталған жергілікті тұрғындар – Қуанышбек Жайлаубаев пен Азамат Баймурзиннің ісі бойынша жарыссөз өтті.
Мемлекеттік айыптаушы Эльдар Әбиев жарыссөзде Қуанышбек Жайлаубаевты - 9 жылға, Азамат Баймурзинді 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Прокурордың айтуынша, сотталушылар жұмыс орнында "бірнеше адамның ой-санасын өзгертуге тырысқан" және "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының идеяларын насихаттаған. Айыпталушылар жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен құрылыс нысандарын күзеткен.
Тергеу материалдарына қарағанда, 30 жастағы сотталушы Азамат Баймурзин Қазақстан жері жазық дала екеніне "өкінген". Айыпталушы "егер біздің еліміз таулы аймақта орналасқанда қазақстандықтардың 70 пайызы моджахед болар еді, шариғат заңдарымен өмір сүрер еді" деген.
Сотта Азамат Баймурзин "моджахед" туралы айтқанын "жай сөз" деп, өзгелерді қарулы қақтығыс пен жамандыққа шақыратындай ниеті болмағанын айтты. Тергеу материалдарында сотталушы Азамат Баймурзиннің діни ортада "Юсуп" деген атпен танымал екені көрсетілген. Ол өзіне тағылған айыпты ішінара мойындап отыр.
Ал 27 жастағы Қуанышбек Жайлаубаев 2014 жылы "терроризмді насихаттады" деген айыппен сотталып, жазасын өтеп шыққан. Қуанышбек Жайлаубаев та өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады.
Қуанышбек Жайлаубаев пен Азамат Баймурзин 2018 жылы 5 қыркүйек күні тергеу изоляторына қамалған. Олар соттағы соңғы сөздерін 28 ақпан күні айтады.
Халықаралық ұйымдар Қазақстан діни наным-сенімге көп шектеу қояды деп сынайды. АҚШ-тың діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Халықаралық діни бостандық жайлы есебінде «Қазақстан билігі діни-наным сенім бостандығын жиі бұзады» деп жазды.
USCIRF «Қазақстан исламның ханафи масхабы мен православияға жатпайтын басқа діни сенімдегі адамдарды жиі сотқа тартып, айыппұл салады» деп мәлімдеген.