25 ақпанда Ресейдің Саратов облысының Ершов аудандық соты қазақстандық жүргізушіге үкім шығарды.
Сот автобус жүргізушісін Ресей Қылмыстық кодексінің "Жол қозғалысы ережесін бұзу және көлiк құралдарын пайдалануда абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет" бабы бойынша айыпты деп танып, екі жарым жылға бас бостандығынан айырды. Қазақстандық жүргізуші жазасын Ресейдің қоныс колониясында өтейді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Сотталушының апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.
Оқиға былтыр 17 қарашада Ресейдің Саратов облысындағы Озинск ауданында болған. Саратов - Орал бағытындағы жолаушылар автобусы темір жол өткеліне шығып кетіп, жүк пойызына соқтығысқан. Автобуста жеті адам – екі қазақстандық және бес өзбекстандық азамат болған. Апат салдарынан Өзбекстан азаматтары түгел қаза болған, ал көлік жүргізушісі мен оның көмекшісі – Қазақстан азаматтары ауруханаға жеткізілген.