Ким Чен Ын Дональд Трамппен кездесу үшін Вьетнамға келді

Солтүстік Корея жетекшісі Ким Чен Ын. Вьетнам, 26 ақпан, 2019 жыл.

Ақпанның 26-сы күні Солтүстік Корея жетекшісі Ким Чен Ын АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесу үшін Вьетнамға келді. Солтүстік Корея лидері мінген пойыз Қытаймен шекарадағы Лонг-Сон провинциасының Донг-Данг станциясына келді. Оны Вьетнамның жоғары лауазымды қызметкерлері қарсы алды.

Салтанатты кездесуден кейін Ким Чен Ын көлікке отырып Донг-Дангтан 170 шақырым жердегі Вьетнам астанасы Ханойға кетті.

АҚШ пен Солтүстік Кореяның екінші саммиті 27-28 ақпан күндері өтеді. Бұл - сегіз ай бұрын Сингапурда өткен Трамп пен Кимнің тарихи кездесуінен кейінгі екінші бас қосуы. Екі президент Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тарту мәселесін талқылайды.