Түркістан облысының бұрынғы әкімі Жансейіт Түймебаев Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Ал Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Данияр Ақышев енді Қазақстан президенті кеңесшісі қызметін атқарады. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
25 ақпанда Ақышев Ұлттық банк төрағалығынан босатылған. Оның орнына Ерболат Досаев тағайындалған. Ал бұрын ауыл шаруашылығы министрлігін басқарған Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысы әкімі болып барған.
Қазақстан халқы ассамблеясы ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1995 жылы 1 наурызда құрылған. Назарбаевтың өзі басқаратын ассамблея - Қазақстанда тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерін біріктіретін ұйым. Парламент мәжілісінде ассамблеяға тоғыз орын бөлінген.
Президент Назарбаев 25 ақпанда Қазақстанның жаңа үкіметін тағайындаған.