Мемлекеттік құпияны жария еткені үшін сотталған Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаевтың қоныс колониясына ауыстыру туралы өтініші қанағаттандырылмаған. Бұл туралы Азаттыққа 1 наурызда Астана қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
"20 ақпанда Астана қаласының Байқоңыр аудандық №2 соты Бағлан Майлыбаевтың қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінен қауіпсіздігі ең төмен түзету мекемесіне (қоныс колониясына) ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмады" деді Астана сотының баспасөз қызметі.
Соттың мәлімдеуінше, қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ. Майлыбаевтың өзі я оның адвокаты 15 тәулік ішінде қаулыны қайта қарауды сұрауына құқылы.
Астана қалалық соты президент әкімшілігінің бұрынғы жоғары шенді қызметкері Бағлан Майлыбаевты 2017 жылы бес жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен.
«Қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланды» және «мемлекеттік құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария етті» деп айыпталған Бағлан Майлыбаев, қылмыс жасағанын мойындап, процессуалдық келісім жасасқан.
Сот Майлыбаевқа дүние-мүлкін тәркілеп, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыруға үкім еткен.