Жұма, 1 наурызда Астананың Алматы аудандық сотында тіркелмеген "Алаш" партиясының жетекшісі Сырым Әбдірахмановқа сот үкімі оқылды.
Судья Арман Ақылбай Сырым Әбдірахмановты "билік өкілін қорлағаны" және "билік өкіліне күш қолданғаны" үшін айыпты деп танып, белсендінің бас бостандығын бір жарым жылға шектеуге үкім етті. Үш айдан бері тергеу абақтысында қамауда болған Сырым Әбдірахманов сот залынан бостандыққа шықты.
2018 жылы желтоқсан айының басында қамалған белсендіге тергеу органдары әуелі "көрінеу жалған ақпарат тарату", "билік өкіліне күш қолдану", "сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзуге кедергi жасау", "билік өкілін қорлау" баптары бойынша айып таққан еді. Кейін басқа айыптарды алып тастап, Әбдірахмановты "билік өкілін қорлау" және "билік өкіліне күш қолдану" деген екі бап бойынша жауапқа тартты.
Оның ісі бойынша сот 8 ақпанда басталған.
"Нұр Отан" партиясының бұрынғы мүшесі Сырым Әбдірахманов 2017 жылы "Алаш" партиясын құратынын мәлімдеп, көпке танымал бола бастады. Ол кезде көп адам оны "биліктің жасанды жобасы" деп сынаған. Бірақ белсенді "Алаш" қозғалысы әлдекімдер айыптайтындай "билік тапсырмасымен құрылатын партия емес, халықтың ішінен шығатын партия" деп айыптауларды жоққа шығарған.