6 наурызда Ақтөбе облыстық әкімдігіне барған оннан астам ана баспана мәселесін шешуді талап етті. Жергілікті билік өкілдерімен бұған дейін де бірнеше рет жолыққанымен еш нәтиже болмағанына наразы олар облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен кездесуді талап етті. Жалғызілікті, көп балалы және мүгедек баласы бар аналарды облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қабылдады.
Оқи отырыңыз: Ақтөбе әкімдігі үш күнде екі мыңнан астам ананы қабылдаған
Пәтер кезегі жылдар бойы жылжымайтынына шағымданған тұрғындар биліктен мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз етудің өзге жолын табуды талап етті. Жалғызілікті ана Гаухар Әбдіразақова жеке баспанасы мен жұмысы жоғын, отбасы мүгедек баласына төленетін жәрдемақыға жан бағып отырғанын айтады. Қалада тіркеуі болмағандықтан жылдар бойы пәтер кезегіне де ілікпеген. Бір ай бұрын әкімдікке шағыммен келгеннен кейін ғана пәтер кезегіне тұрған.
Әбдіразақованың Азаттыққа айтуынша, сәрсенбіде наразы аналарды қабылдаған облыс әкімінің орынбасары Тоқжанов оларды сабырға шақырумен шектелген.
Ақтөбе қалалық тұрғын үй қоры бөлімінің басшысы Жанаргүл Дүйсекенованың айтуынша, қалада 1162 көп балалы отбасы пәтер кезегінде тұр. 2019 жылдың алғашқы екі айында мемлекет қорынан ешкімге тегін баспана берілмеген. Ал 2018 жылы көп балалы 10 отбасы мемлекеттен тегін пәтер алған.
4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді. Бұл оқиға елде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мемлекет қамқорлығын күшейтуді талап еткен көп балалы аналар наразылығына себеп болды.