6 наурызда Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы Сарыағаш ауданы Абай ауылында "жеті жасар баланы зорлады" деп сотталған оқушының апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.
Сотталушының анасы әрі заңды өкілі ұлының кінәсіздігін дәлелдейтін сараптама қорытындысына аппеляциялық сот мән бермеді деп санайды. Ол кассациялық сотқа шағым түсірмекші.
Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 10 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы – ред.) Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде 8-сыныпта оқыған жасөспірімді "бала зорлады" деп айыптап, 7 жылға бас бостандығынан айырған. Сотталушы жазасын кәмелетке толмағандарға арналған түзеу мекемесінде өтеуі тиіс.
2018 жылы 13 наурызда Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында тұратын Шәрипа Батырбекова Азаттыққа жеті жасар жиенін 2017 жылдың тамызынан бері жоғарғы сынып оқушылары бірнеше мәрте "ұрып, зорлағанын" айтқан. Оның сөзінше, жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, оның арызын тек үшінші рет барғанда қабылдаған.
Кейін аудандық білім бөлімі "сараптама қорытындысы баланың зорланбағанын анықтады" деп мәлімдеген. Айыпталушы мен жәбірленуші оқыған мектептің ұжымы да "зорлық жасалмаған" дейді. Жәбірленушінің туыстары тәуелсіз сараптама жасауды талап еткен. Бұл хабар әлеуметтік желіде кең тарап, қоғамда қызу талқыланған.
Былтыр тамызда Қазақстан бас прокуратурасының тергеу тобы Түркістан облысы (бұрынғы – Оңтүстік Қазақстан облысы) Абай ауылында "зорланған бала" ісі бойынша 14 кешенді сот сараптамасы мен төрт түрлі зерттеу жүргізілгенін мәлімдеген. Оларға Қырғызстан, Ресей мен Грузия мамандары қатысқан.
"Бала зорлаған" деген күдікпен ұсталған төрт адамның үшеуі 14 жасқа толмағандықтан, оларға қатысты қылмыстық іс тоқтатылған.