Facebook: Адам құқығын бұзатын елдерде қолданушы дерегін сақтамаймыз

Facebook басшысы Марк Цукерберг Еуропарламентте сөйлеп тұр. Брюссель, 22 мамыр 2018 жыл.

Facebook әлеуметтік желісі мен оның Instagram және WhatsApp сервистері адам құқығы бұзылатын елдерде қолданушылардың құпия деректерін сақтаудан бас тартады. Бұл туралы компанияның корпоративтік блогында Facebook негізін салушы Марк Цукерберг жазды. Ол бұған жауап ретінде кей елдер әлеуметтік желіні бұғаттауы немесе оның жаңа нарыққа шығуына бөгет жасауы ықтимал екенін, бірақ компанияның оған дайын екенін мәлімдеді.

Цукерберг компанияны дамытудың жаңа жоспары туралы да айтты. Ол әлеуметтік желі қолданушы деректерінің қауіпсіздігіне және хат-хабар алмасу құпиялығын сақтауға баса назар аударатын болады дейді. Бұған қоса әлеуметтік желі қолданушыларға ескі жазбалары мен суреттерін тез өшіруге мүмкіндік беруді қарастырып жатыр.

АҚШ конгресі, Ұлыбритания мен өзге де батыс елдері Facebook компаниясын желі қолданушыларының деректерін қорғау шаралары жеткіліксіз деп сынаған. Соның салдарынан әлеуметтік желіні 2016 жылы АҚШ президенті сайлауында, Ұлыбританияда Brexit бойынша дауыс беру кезінде және Францияда әсіреұлтшылдар партиясының мүддесіне пайдаланған болуы мүмкін деп жазған бұған дейін швейцариялық Das Magazine журналы.

Оқи отырыңыз: Интернетті бұғатттау

Әлемдегі кей елдерде азаматтардың жеке деректерін сол елдің аумағында орналасқан серверлерде сақтауға міндеттейтін заң қабылданған. Ақпанда Ресей осындай талапты орындамағаны үшін Facebook компаниясына айыппұл салған. Қытай өз аумағында Facebook сервистерін бұғаттаған.