БҰҰ Францияда өткен жылы қарашада "сары жилеттілер" шеруі кезінде полиция қысымына ұшыраған азаматтардың құқығы бұзылған деп санайды. БҰҰ-ның адам құқықтарын қорғау жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет шеруге шыққан наразылар өздерінің экономикалық және мемлекет ісіне араласу құқықтарын қорғады дейді. Оның сөзінше, шеру кезінде полиция "қоғамдық тәртіпті бұзған" бірнеше демонстрантқа қысым көрсеткен.
- Біз үкіметті халықпен қазіргідей диалогты жалғастыруға шақырамыз. Полиция күш көрсеткен оқиғаларды жан-жақты зерттеуді талап етеміз, - деді Мишель Бачелет.
Франция премьер-министрі Эдуард Филипп БҰҰ мәлімдемесіне байланысты пікірінде "күш көрсетілді ме, жоқ па - ол тексеру мен сот зерттеуінен кейін белгілі болады. Бірақ шеруге шыққандар арасында полицияға қарсы күш қолданғандар барын да айтқым келеді" деген.
Өткен жылдың қараша айынан бері Францияның бірнеше қаласында өткен "сары жилеттілер" шеруіне қатысқан жүздеген адам полицияның іс-әрекетіне байланысты шағымданған. Полиция наразыларды күшпен таратқан кезде ондаған демонстрант зардап шеккен.
Оқи отырыңыз: Францияда полиция "сары жилеттілерді" тарату үшін газ қолданды
"Сары жилеттілер" қозғалысы биліктің жанармай салығын көтеруіне қарсылықтан басталған. Кейін Франция билігі жанармай салығын өсіруге мораторий жариялаған, бірақ наразылар президент Эммануэль Макронның экономикалық саясатына қарсы акцияны жалғастыра беретіндерін мәлімдеген. Билік наразылықты қоздырып отыр деп әсіреоңшыл және әсіресолшыл күштерді айыптаған.