Франция сыртқы істер министрлігі маңызды қызмет атқаратын әйел саны аз болғаны үшін 450 мың еуро айыппұл төлейді. Бұл туралы Le Monde хабарлады. Басылымның жазуынша, айыппұл 2017 жылы елші қызметіне үміткерлердің көбі ер адамдар болғандықтан салынған.
Франция заңы бойынша, елші қызметіне үміткер дипломаттардың кемінде 40 пайызы әйел болуы шарты. Бірақ 2017 жылы олардың саны 29 пайыздан аспаған, яғни талапқа сай болуға бес әйел жетпей қалған. Енді министрлік солардың әрбірі үшін 90 мың еуродан айыппұл төлейді.
Аты-жөнін атамаған француз шенеунігінің айтуынша, 2018 жылы Франция сыртқы істер министрлігіндегі маңызды қызметке үміткер саны заң талабына сай болған. Бірақ қазір елші қызметіндегі әйел саны әлі де аз: бар болғаны 26 пайыз ғана деп жазады басылым.
Дүниежүзілік банк дерегінше, Франция әлем бойынша гендерлік теңдікті сақтап отырған алты мемлекеттің бірі. Сарапшылар олардың арасында Франциямен бірге Дания, Латвия, Бельгия, Швеция және Люксембургті атайды. Дүниежүзілік банк зерттеуінде бұл салада соңғы он жылда Францияның алға шыққаны айтылған.