Вирджиния федералдық соты АҚШ президенті Дональд Трамптың бұрынғы сайлау штабының жетекшісі Пол Манафортты 47 айға түрмеге қамауға үкім етті. Сот Манафортты Украинада саяси кеңесші болып істеген жұмысына қатысты банктік алаяқтық жасағаны үшін айыпты деп таныған.
Манафорт 2016 жылы мамырдан тамыз айына дейін АҚШ президенттігіне Республикалық партиядан кандидат болып түскен Дональд Трамптың сайлау штабын басқарған.
Прокурорлар Манафортты 19 жарым жылдан 24 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот Манафорт "ауыр қылмыс" жасаған деген айыптаумен келісті, бірақ Манафорт бұған дейін заңға қайшы іс-әрекет жасамағандықтан прокурорлар сұраған жаза мерзімі "шамадан тыс әрі негізсіз" деп шешті. Манафортқа жалпы көлемі 74 миллион доллар айыппұл салынды.
69 жастағы Пол Манафорттың үстінен қылмыстық іс Трамптың төңірегіндегі адамдар Кремльмен астыртын мәміле жасаған болуы мүмкін деген күдікпен АҚШ арнайы прокуроры Роберт Мюллер жүргізіп жатқан тергеу аясында қозғалған. Адвокаттар Мюллер тергеп жатқан "Ресей ісіне" Манафорттың мүлде қатысы жоқ екені дәлелденгенін алға тартып, оған жеңілірек жаза тағайындауды сұраған.
Өткен жылы Манафорт сегіз түрлі айып тағылған. Олардың арасында шет мемлекеттің мүддесіне лоббистік қызмет атқарып тапқан миллиондаған доллар кірісті салықтан жасырғаны, банктерден қарыз сұрап жазған өтінішінде жалған ақпарат бергені туралы баптар бар.
Вирджиниядағы сот процесімен бірге Пол Манафорт Вашингтон федералдық сотындағы осыған ұқсас іс бойынша өткен тыңдауға айыпкер ретінде қатысты. Ол сотта Манафорт айыбын мойындап, прокуратурамен келісім жасаған. Бұл іс бойынша сот үкімі алдағы аптада жарияланбақ.